Пробация есебінде тұрған адамдар жұмысқа орналасты
Қызылорда облысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға әлеуметтік- құқықтық көмек көрсету жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазалы аудандық пробация қызметі мен аудандық жұмыспен қамту бөлімі пробация есебіндегі жұмыссыз төрт адамды «Жылу-ХХL» ЖШС мекемесіне жұмысқа орналастырды. Олар ауданда газбен жабдықтау жұмыстарын жүргізеді.
– Жыл басынан 13 адамды жұмысқа орналастырдық. Есепте тұрғандардың ішінен өз кәсібін дөңгелетіп отырған да бар. Оның біреуі ағаш цехын ашса, екеуі мал бордақылау кәсібін ашқан. Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айлық «кәсіпкерлік негіздері» курсын аяқтап , мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған. Бірінші кезекте жұмыссыз сотталғандарды жұмыспен қамтимыз. Білімі болмаса, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша курстарға оқытамыз. Жұмыспен қамту арқылы сотталғандардың қоғамға қайта оралуына барынша ықпал етіп отырмыз, – деді аудандық пробация қызметінің басшысы Е.Сражатов.