Пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі қаралды
Қызылорда қалалық пробация үйінде Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының ұйымдастыруымен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесуге орталықтың директоры Б. Нуртазаев, қоғамдық қордың өкілі және пробация есебіндегі азаматтар қатысты. Кездесуде есептегі азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтендіру мәселесі сөз болды. Қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының директоры Бахыт Нуртазаев есептегі азаматтарға «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айлық «кәсіпкерлік негіздері» курсы туралы және тегін компьютерлік сауаттылық, компьютер жөндеу, ағаш ұстасы оқу курстары жөнінде мағұлмат беріп өтті. Қатысушылар тарапынан жұмысқа орналасу, мүгедектікке шығу, жеке кәсібін ашу тұрғысында сұрақтары болды.
– Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантты да жеңіп алуға мүмкіндіктеріңіз бар. Ол үшін жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «кәсіпкерлік негіздері» курсын бір ай оқып, сертификат алған соң, жеке кәсіп ашу үшін, бизнес жоспарын жасап комиссияға ұсынасыздар. Егер бизнес жоспарыңыз қомиссиямен мақұлданып жатса, 505 мың теңге көлемінде мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алуға болады. Қазіргі таңда пробация есебіндегі жеті азамат онлайн түрде «кәсіпкерлік негіздері» курсын оқып жатыр, – деді орталық директоры.