Пробация есебіндегі азаматтарға азық-түлік таратылды
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы пробация бөлімшесінің қызметкерлері пробация есебінде тұратын екі сотталған азаматтың отбасына азық-түлік жеткізіп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беріп, мейірімділік таныту арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады.
Қайырымдылық көмек жасауды игі дәстүрге айналдырған Жаңақорған аудандық пробация қызметі жылдың басын жақсылықтан, қайырымдылық көмек көрсетуден бастады.
Пробация қызметкерлері аудандық әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімімен бірлесіп, пробация қызметінің есебінде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен екі отбасыға азық-түлік жеткізіп берді.
– Жақсылық жасау баяғыдан келе жатқан салтымыз. Жақсылық жасау арқылы мұқтаж адамдарға жанашырлық танытамыз. Пробация есебіндегі азаматтар арасында жағдайы төмен отбасылар бар. Есептегі азаматтар болған соң, бәрінің жағдайы алақандағыдай белгілі. Сол себепті үнемі азық-түлік таратып, әлеуметтік көмек түрлерін көрсетіп келеміз, – деді аудандық пробация қызметі бөлімшесінің бастығы Анарбек Искаков.