Пробация есебіндегі сотталған азаматтарға азық-түлік жеткізілді
Қызылорда облысы Шиелі ауданының пробация есебінде тұрған екі сотталған азаматтың отбасына азық-түлік жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Шиелі аудандық пробация қызметінің есебіндегі азаматтарға жергілікті кәсіпкердің көмегімен азық-түлік таратылды.
Есептегі екі азаматта тұрмыс жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар қатарына жатады. Олар қиын күндері көмек қолын созған жомарт жандарға алғыстарын айтты.
– Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жақсылық жасау – әрбір адамның борышы. Есептегі азаматтардан басқа да, тұрмыс жағдайы төмен аудан тұрғындарына қолымнан келгенше көмек көрсетемін, – деді қол ұшын созған жеке кәсіпкер.
– Жеке кәсіпкерлер тарапынан осындай игі істер жиі ұйымдастырылып тұрады. Алдағы уақытта да қайырымдылық шаралары жалғасын табатын болады, – деді аудандық пробация қызметінің бастығы Қайрат Байгенжеев.