«Пробация» ЖПІШ: Мақтааралда құқық бұзушылық жасаған есептегі 2 сотталған анықталды
Мақтааралда «Пробация» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында құқық бұзушылық жасаған есептегі екі сотталған анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал ауданы пробация қызметінің қызметкерлері есепте тұрған 15-тен астам сотталғанды мекенжайы бойынша тексерді.
Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Мақтаарал аудандық пробация қызметі есепте тұрған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған адамдар тарапынан қайта жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу және іздеуге жарияланған сотталғандардың тұрғылықты орындарын анықтау мақсатында Мақтаарал аудандық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, наурыз айының 14-23 аралығында «Пробация» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Осы іс-шара барысында пробация есебіндегі сотталғандарға тұрғылықты жері, жұмыс істейтін жағдайы, жұмыс орны әкімшілік деректер базасы және ішкі істер органдарының басқа да есептері бойынша тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Іс-шара барысында бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзу анықталды, яғни сот үкімі бойынша белгіленген сағат 22:00-ден кейін тұрақты мекенжайында болмағаны үшін бір сотталғанға ескерту жасалды. Ал бір сотталған сот жүктеген талаптар мен міндеттерді орындамағаны үшін бас бостандығын шектеу жазасынан бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды талап ету хаттамасын Мақтаарал аудандық сотына жолдады.
– Сондай-ақ, шара барысында пробация қызметінің инспекторлары шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтар мен бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға тартылғандарды мекенжайлары бойынша тексеріп, олармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде, – деді Мақтаарал аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Нартай Сабаев.