Пышақпен қорқытқан: дүкенге қарақшылық жасаған түркістандық ер адам ұсталды
Дүкен иесін пышақпен қорқытып, қарақшылық жасаған түркістандық ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйелден хабарлама келіп түсті. Онда жәбірленушінің азық-түлік дүкеніне белгісіз біреу заңсыз кіріп, қолындағы пышағын көрсетіп, кассада тұрған 200 мың теңге ақшасы мен екі бөтелке ішімдікті алып кеткенін айтқан.
Аталған деректі полицейлер ҚК-нің 192-бабы (Қарақшылық) бойынша тіркеді. Істің толық мән-жайын анықтау мақсатында тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды.
Тәртіп сақшылары аталған қылмысқа қатысты күдіктіні ұстауға бағытталған жұмыстардың барлығын жүргізді. Нәтижесінде, күдікті азамат өз тұрғын үйінен ұсталды. Полиция қызметкерлері күдіктіні бірден ПБ-ға жеткізді.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдікті ер азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай, күдікті жәбірленуші әйелдің күйеуінің танысы болып шықты. Сондай-ақ, күдікті ақша ұрлау кезінде дүкен иесін ас үй пышағымен қорқытқан.