Пышақпен қорқытып, тонап кеткен: түркістандық полицейлер қарақшыны елордадан ұстады
Түркістандық полицейлер тұрғынды пышақпен қорқытып, тонап кеткен қарақшыны елордадан ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан облысының полицейлері Сарыағаш ауданы тұрғынының үйіне жасалған қарақшылық шабуылды анықтап, қылмысты ашты. Анықталғандай, қарақшы жәбірленушіні пышақпен қорқытып, ірі көлемде ақша салынған сөмкені ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған.
Нақтырақ айтсақ, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне пышақ жарақатын алған әйелдің ауруханаға түскені туралы хабарлама келді. Тексеру кезінде ауыл тұрғынының үйіне белгісіз біреу кіргені анықталды. Яғни, күдікті ер азамат әйелге физикалық күш көрсетіп, пышақпен қорқытқан. Содан жәбірленушіге пышақ жарақатын салып, ішінде ақшасы бар сөмкені алып кеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша тіркелді. Келтірілген шығын көлемі шамамен төрт миллион теңгеден асты.
Еш қорықпастан өзгенің үйіне кіріп, ауыр қылмыс жасаған күдіктіні ұстауға тез арада криминалдық полицияның тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Олар күдіктіні анықтауға бағытталған іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізді. Аулаларды аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Нәтижесінде, жедел уәкілдер бейнекамералардың бірінен жәбірленушінің ауласынан шыққан күдікті ер адамды байқады.
Жинақталған ақпарат көздері арқылы одан әрі іздестіру жұмыстарын жүргізген Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні Нұр-Сұлтан қаласынан ұстады.
Аталған Сарыағаш қаласының тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді. Тінту кезінде жас жігіттен ұрланған ақшаның бір бөлігі мен басқа да айғақты заттар тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) және ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) мен 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Бүгінде орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.