Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қайғылы оқиғадан бері 10 жыл өтті: шымкенттік полицейлер Халық қаһарманын еске алды 

Шымкенттік полицейлер Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкент қаласы Полиция департаментінде Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың құрметіне орай еске алу рәсімі өтті. Іс-шараға ПД басшылығы мен жеке құрамы және 6506 әскери бөлімінің жас түлектері қатысты.

Ерлікке тағзым, сондай-ақ ішкі істер органдарының жас қызметкерлерін қазақстандық патриотизм, антқа және қызметтік борышқа адалдық рухында тәрбиелеу мақсатында өткізілген еске алу рәсімінде бір минуттік үнсіздік жарияланды.

ПД бастығының орынбасары Серік Ергешов баяндама оқыды. Қаза тапқан қызметкерлерді еске алу монументіне гүл шоқтары қойылды. Тәртіп сақшылары осылайша батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығын ұлықтап, жастардың жадына патриоттық рух қалыптастыруды құнттады.

Еске салайық, 2011 жылдың 12 қарашасы Қазақстан полициясының тарихына Ғазиз Байтасовтың қайғылы қаза болған күн ретінде енді. Полиция капитаны қарулы қылмыскердің жолын бөгеп, гранатаны жаруға дайындалған жанкешті террористі өзінің денесімен жауып, өз өмірінің құнымен азаматтарды қазадан қорғап қалған. Осы қайғылы оқиғадан бері 10 жыл өтті. Ғазиз Байтасовтың есімі Қазақстан полициясының тарихына мәңгі «алтын әріптермен» жазылды.
Оның батыр ерлігі мен батыл қадамы Шымкент қаласы Полиция департаментінің әрбір қызметкерінің жадында жатталып, санасында мәңгі сақталады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру