Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Қайрат” – “Ордабасы” ойыны: Алматыда полиция матч қарсаңында қауіпсіздікті күшейтті

Алматы қаласы полиция департаментінде “Қайрат” және “Ордабасы” командалары арасындағы футбол матчы өтетін кезеңде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңеске футбол клубтары дирекцияларының, мүдделі мемлекеттік органдар мен қызметтердің өкілдері, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылатын полиция бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Жиында барлық қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмі, өткізу режимін ұйымдастыру, жанкүйерлердің қозғалыс бағыттары, көлік ағындарын реттеу, сондай-ақ матч басталғанға дейін, ойын барысында және аяқталғаннан кейін қоғамдық тәртіптің ықтимал бұзылуының алдын алу шаралары талқыланды.

Көрермендердің қауіпсіздігіне, штаттан тыс жағдайларға жедел ден қоюға және спорт нысанында жанкүйерлердің жайлы болуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Матч өтетін күні қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге екі мыңнан астам полиция қызметкері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және басқа да жұмылдырылған қызметтердің өкілдері қатысады.

Полиция жанкүйерлерді бағыттарын алдын ала жоспарлауға, полиция қызметкерлерінің талаптары мен спорт нысандарындағы тәртіп ережелерін сақтауға, өзара құрмет танытуға және өз командаларын тек заң аясында қолдауға шақырады.

— Біздің басты міндетіміз – футбол матчының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, барлық көрерменге қолайлы жағдай жасау. Ұйымдастырушылармен және мүдделі қызметтермен бірлесіп, өзара іс-қимылдың барлық мәселесін пысықтап, іс-қимыл алгоритмдерін айқындадық және күштерді бөлдік. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге екі мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылады. Жанкүйерлерді қоғамдық тәртіпті сақтауға, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға және өз командаларын өркениетті түрде қолдауға шақырамыз. Футбол спорт мерекесі болып қалуы тиіс, ал әр көрерменнің қауіпсіздігі – біздің сөзсіз басымдығымыз, – деп қорытындылады Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру