Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Қайтарымсыз несие шығарып беремін»: Шымкентте 12 тұрғынды алдап соққан алаяқ ұсталды

Шымкентте қайтарымсыз несие шығарып беремін деп 12 тұрғынды алдап соққан алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз несие алмақшы болған тұрғындар алаяқтың арбауына түсіп, полицияға арызданған. Алаяқ қала аумағындағы базарлардың бірінде адамдарға өзін мемлекеттік кәсіпкерлік мекемеде жұмыс істеймін деп таныстырып, бизнес бастау үшін ақша шығарып бере алатынына сендірген. Алайда ол қызметі үшін 300-500 мың теңге аралығында ақы алып отырған.

Тәртіп сақшылары бір адамға қатысты ұқсас мазмұндағы 12 азаматтың арызын тіркеуге алған. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілді.

Жәбірленушілерден жауап алынып, олардың ақша аударымдары тексерілді. Нәтижесінде, азаматшаның жеке басы анықталып, жедел уәкілдер оны тұрғылықты жері бойынша ұстады. Қазіргі таңда ол қамауда.

Белгілі болғандай, азаматшаның аталған жұмыс орнына еш қатысы жоқ, тек алаяқтықты кәсіп ету арқылы ақша алып, өз пайдасына жұмсап отырған. Полиция жәбірленушілердің саны артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру