Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қайырымдылық жасап, алғыс арқалаған әріптес

Ақтөбе қаласының тұрғыны Вероника Бутко инстаграмм әлеуметтік желісіндегі «aktobe_zello_» парақшасында ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/2 мекемесіндегі әріптесіміз: «сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің жасақ бастығы» Дастан Базылбекке алғыс білдірген екен.

Онда қала тұрғыны әріптесіміз- Дастан Базылбектің қант диабетінің ауыр түрімен ауыратын науқас қызына дәрілерді ешқандай төлемсіз, тегін жеткізіп бергенін айтқан:
«Менің қызым қант диабетінің ауыр формасымен ауырады. Мен оның жалғыз асыраушысымын. Қызым өткен айдың шілде айында мидың ісінуін басынан өткерді. Сондықтан, қызыма өте күшті бақылау керек және емге арналған дәрілері тым қымбат тұрады. Ал қызымның жалғыз асыраушысы өзім болғаннан кейін, дәрілерді үнемі сатып алуға жағдайым жете бермейді. Кейде қаражаттан қиналып, дәрісіз қалатын күндеріміз болады. Осындай қиналған бір күнімізде бізге қымбат тұратын дәрінің 7 қорабын жеткізіп, ол үшін ешқандай төлем сұрамаған Дастан Базылбек есімді қайырымды адамға рахметімді айтамын! Дастанның әкеліп берген дәрілері мен жақсылығы- бізге тек сыйлық қана емес, үміт сыйлады, қызымның денсаулығына көмегін тигізді.
Танымайтын адам болса да, менің инстаграмм желісіндегі жанайқайымды естіп, қол ұшын созған осындай қайырымды жанға денсаулық тілеймін! Үлкен рахмет айтамын!» депті.
Бірақ, қылмыстық атқару жүйесінде 11 жыл бойы табан тіреп қызмет етіп келетін әріптесіміз Дастан Базылбек өзі жасаған қайырымдылығы үшін алғыс арқалағанын біз арқылы естіді.
– Науқастың анасының көмек сұрап жазған постын әлеуметтік желі арқылы көрдім. Жалпы, бұндай диагноз менде де бар. Бірақ менің диагнозыма қарағанда, ол апайдың қызының диагнозы ауырлау екен. Сондықтан, қолымнан келетін көмекті жасағым келді. Ол үшін қыздың анасының адресіне жазып, мекен-жайын алдым, жұмыстан кейін үйдегі дәрілерімді жеткізіп бердім.
Жалпы, айналамыздағы қиын жағдайға түскен адамдарға қол ұшын созу- біздің азаматтық борышымыз деп санаймын. Тіпті, менің орнымда кез-келген адам дәл осылай жасар еді деп ойлаймын,- дейді әріптесіміз.
Өз кезегінде, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекеме қызметкерлерінің ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялағанына үн қосып жатқаны бізді қуантады.
Жарайсың, Дастан! Антына адал әр офицер өзіңдей болсын!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру