Қалтасына бір қорап оқ-дәрі жасырған семейлік ұсталды
Қалтасына бір қорап оқ-дәрі жасырған семейлік ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың желтоқсан айының басында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде Семей қаласының Уранхаев көшесінде оқ-дәрілерді заңсыз сақтады деген күдікпен 42 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, жедел тінту барысында оның күртешесінің ішкі қалтасынан 25 патрон салынған пластик қорап табылып, тәркіленді.
– Сарапшының қорытындысына сәйкес, тәркіленген 23 патрон ойық атыс қаруына арналған 5,6 мм калибрлі оқ-дәрілер, Макаров тапаншасына арналған 9х18 мм калибрлі бір патрон және СӨО және АК-47 автоматынан атуға арналған 7,62 х 54 мм калибрлі патрон екені анықталды. Сараптама қортындысы тәркіленген патрондар оқ атуға жарамды екенін көрсетті.
Бүгінгі күні қаскөйге қатысты келу туралы міндеттеме түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі (Оқ-дәрілерді заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, осы баптың санкциясымен бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.