Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қаңтар оқиғасы: Павлодарда 435 адам әкімшілік жазаға тартылды

Павлодарда қаңтар оқиғасына байланысты 435 адам әкімшілік жазаға тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

3 ақпан күні Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров онлайн брифинг өткізу барысында Павлодар қаласының аумағында болған митингілерге тоқталды.

– 4 қаңтарда әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында біз белгілі бір адамдардың тұрғындарды 5 қаңтарда Павлодар, Екібастұз қалаларының орталық алаңдарында митинг ұйымдастырып, өткізуге шақырған мазмұндағы хабарламалар таратылып жатқанын анықтадық. Сондықтан 5 қаңтарда орталық алаңдардың аумағында қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу мақсатында Полиция департаментінің жеке құрамы дабылмен көтерілді және айта кету керек, полиция қызметкерлері қызметтерін атқаруда арнайы қорғаныс киімдерін де құралдарын да қолданбады, – деді Жасқайрат Қайыров.

Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, сағат 14.00-де Павлодар қаласының орталық алаңына 1500-ден астам адамның келуі тіркелген. Бұл олардың ұйымдастырылушылығын көрсетеді. Олардың кейбіреулерінде деструктивті діни ағымдарға қатысудың сыртқы көрнекі белгілері болды, олар жергілікті атқарушы органдармен кездесу талаптарын алға тартты. Олардың талаптарына ЖАО өкілдері, спикерлер, Павлодар облысының және Павлодар қаласының әкімдері шықты. Алайда жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің сөз сөйлеуі кезінде митинг өткізушілер Павлодар облысының әкімдігін күштеп басып алуға шақырып айқайға басты.

– Сағат 17.00 шамасында олар облыс әкімдігі ғимаратына қоршауды бұзып өтіп, тас, таяқ, бөтелке лақтырды. Сондай-ақ, митингіге шыққандар облыс әкімдігі ғимаратының кіре берісіндегі металл-пластик жалюзін істен шығарып, ғимарат есіктерінің әйнегін сындырып, әкімдіктің фронт-офисіне де өткен. Сонымен қатар, деструктивті тұлғалар «Аллаһу акбар» деген сөздерді дауыстап айқайлап айтқан, бұл біздің қоғамда орынсыз әрекет болып саналады. Бұл кезде әкімдіктің кіре беріс фойесінде шеруге шығушыларды ығыстыруға бағытталған полицияның қосымша күштері болды, сонымен қатар облыс әкімдігінің орталық кіреберісіне қапталдан полицияның қосымша күштері тартылды, – деп атап өтті Жасқайрат Қайыров.

Қоғамдық тәртіпті бұзу, жаппай тәртіпсіздік фактілерінің алдын алу мақсатында арнайы жоспар енгізіліп, қосымша күштер мен құралдардың жұмылдырылғанын айтты. Қаланың әкімшілік ғимараттары мен қару-жарақ дүкендері күзетке алынды. Полиция бөлімшелерінде ғимараттарды күзету мен қорғаудың арнайы жоспары енгізілді, сондай-ақ тонауға жол бермеу мақсатында патрульдік нарядтар сауда үйлеріне жақын маңда орналастырылды, банктердің филиалдары мен банкоматтар күзетке алынды, инкассаторлық машиналарды алып жүру жүзеге асырылды, олар ақшалай қаражатты қалалар бойынша ғана емес, ауылдық жерлерге де жеткізді.

Қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған жеке құрам көшеде 13 қаңтарға дейін тәулігіне 16 сағаттан қызмет атқарды.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына 488-бабының 6-бөлігінің бұзылуына қатысты 1282 материал жіберілді, сол бойынша 435 адам әкімшілік жазаға тартылды, оның ішінде 324 адамға қатысты әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жазалау шарасы қолданылды.

Тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқан жекелеген азаматтарға қатысты мына баптар бойынша қылмыстық істер қозғалды: ҚК-нің 255-бабы 4-бөлігі (Терроризм актісі) қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты қорқыту, ҚР мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалған адам өміріне қол сұғу; ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігі (Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы) телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, адамдар тобының алдын ала келісім бойынша, билікті күштеп басып алуға жария түрде шақыру. Осы істер бойынша сот тұтқындаған үш адам қамауға алынды.

Қазіргі уақытта қылмыстық істер жөніндегі ведомствоаралық топ істің мән-жайларын толық және жан-жақты тергеуді қамтамасыз етуге бағытталған жедел-тергеу әрекеттерін жүргізуде.

– Өңірде мемлекеттік ғимараттар мен кәсіпкерлік объектілеріне тонаушылық және залал келтіру фактілеріне жол берілмегенін сенімділікпен айта аламын, – деді спикер.

Сондай-ақ, спикер күн сайын ыстық тамақ, шай, жылы аяқ киім түрінде көмек, қолдау көрсеткен Павлодар облысы азаматтарының жанашырлығын ерекше атап өтті.

–Полициямен бірлесіп көшелерді жаяу патрульдеуді жүзеге асырған күзет құрылымдарының өкілдері, ауған жауынгерлері, ауған-тәжік қақтығысы және Павлодар облысының спортшылары қоғамдық тәртіпті сақтауға өз бастамалары бойынша ерікті түрде қосылғаны қуантады. Павлодар облысы Полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен меншіктерін қорғауға әрқашан дайын екендігін мәлімдеймін, – деді сөз соңында Жасқайрат Қайыров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру