Қарағанды облыстық ПД ЖҚАЖ жауынгерлері оқушыларға қоян-қолтық ұрыс әдістерін көрсетті
Қарағанды облыстық полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы оқушыларға қоян-қолтық ұрыс әдістерін көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының полиция департаменті Астана күніне орай қалалық полиция басқармасының базасында мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне ашық есік күнін өткізді.
Алдымен игі шараға жиналғандарды облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов құттықтады.
– Бүгін мерекеге орай сіздерді полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысында қолданатын қару-жарақ және арнайы техникаларымен таныстырамыз. Алдағы уақытта сіздер де біздің қатарымызға қосылады деген ойдамын. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Оқуларыңызды жақсы оқып, еліміздің белді азамат, азаматшалары болыңыздар, – деді облыстың бас полицейі.
Осыдан кейін балалардың назарына кинология қызметкерлері қызметтік иттердің есірткі заттарын іздеу, жарылғыш затты анықтау бойынша жұмыстарын көрсетті. Балаларға қызықты болған сәт жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерінің қоян-қолтық ұрыс әдістерін көрсетуі.
Жаттығуларын орындап, бір бірінің үстіне шығып, көк туымызды көкке көтерген қызметкерлерге оқушылар шапалақпен қошеметтерін білдірді. Шара соңында оқушылар мен студенттер жедел басқару орталығының жұмысы мен киберпол арнайы бөлінісінің жұмысымен танысты.