Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысы ПД-да ардагерлер мен жас мамандардың кездесуі өтті

Қарағанды облысы ПД-да ардагерлер мен жас мамандардың кездесуі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысы полиция департаментінің ғимаратында, сондай-ақ Теміртау, Қарағанды, Абай және Саран қалаларының полиция басқармаларында ардагерлердің бай тәжірибесі мен жас мамандардың жігерін тоғыстырған тағылымды кездесу ұйымдастырылды.

Құрметті қонақтар қатарында милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, "Қазақстан ІІМ және ІІӘ ардагерлер ұйымы" төрағасы және қылмыстық-атқару жүйесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Іхсан Дүйсембин болды. Іс-шараға полиция департаменті басшылары, облыстық ПД бастығының м.а. Әбіл Әбілдин және бастығының орынбасары Дәурен Ибраев қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жас тәртіп сақшыларына өнеге болатын, өмірін құқық қорғау саласына арнаған ардагерлерге құрмет көрсету. Бұл шара уақыт пен ұрпақ арасындағы үзілмес байланыстың жарқын символына айналды.

Милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков ардагерлерді ұлықтаудың маңызына тоқталып:

— Ардагерлердің еңбегі – баға жетпес қазына, олардың өмірлік жолы – өнеге, ал тәжірибесі – біздің байлығымыз. Ұрпақтар сабақтастығы – біздің күшіміздің негізі, — деді.

Сондай-ақ ол ардагерлер ұйымдарын жас полицейлерді тәрбиелеу ісіне белсенді тартуға және қызметке бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды.

Шара барысында ардагерлер қызмет жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, жас әріптестеріне ақыл-кеңестерін айтты. Қатысушылар мұндай кездесулер ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ішкі істер органдары ұжымының бірлігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Кездесудің қорытынды бөлімінде полиция және қылмыстық-атқару жүйесінің ардагерлер ұйымдарының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Талғат Құдабаев, Базарбек Құлтаев және Людмила Мищенкоға құрметті медальдар табыс етілді. Ал тыл ардагері, ҚАЖ департаментінің еңбек сіңірген қызметкері, ІІО зейнеткері Борис Крепышев "Құрметті ардагер" төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру