Қарағанды облысында 17 жастағы жігіт көліктен әмиян ұрлап кетті
Қарағанды облысында 17 жастағы жігіт көліктен әмиян ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 тамызда Қарағанды облысының 20 жастағы тұрғынынан Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының полиция бөліміне арыз келіп түсті. Белгісіз біреу көліктен құжаттары мен ақшасы бар әмиянды ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 29 мың теңгені құрады.
Белгілі болғандай, жәбірленуші елді мекендердің біріне келіп, дүкендердің жанына тоқтаған. Дүкенге кірген кезде көліктің есігін құлыптамай, ашық қалдырған. Осы сәтті пайдаланған белгісіз біреу көліктегі құжаттар мен ақша салынған әмиянды алып кеткен.
Жедел-іздестіру шаралары барысында жедел-тергеу тобының қызметкерлері күдікті – 17 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап, айғақты заттар алынды. 188-бап (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.