Қарағанды облысында бір табын сиыр ұрлаған ұры ұсталды
Қарағандылық полицейлер бір табын сиыр ұрлаған ұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қазан күні Қарағанды облысы Шет ауданының полиция бөліміне 47 жастағы аудан тұрғыны хабарласып, белгісіз біреудің еркін жайылымнан өзіне тиесілі он бас ірі қарасын ұрлап кеткендігі туралы хабарлаған.
Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеден асқан.
Криминалдық полиция қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен басқа шаруа қожалығында бақташы болып жұмыс істейтін 51 жастағы азаматты ұстады.
Ұсталған азамат қылмысын мойындады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабына (Мал ұрлау) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.