Қарағанды облысында елік атқан браконьерлер ұсталды
Қарағанды облысында елік атқан браконьерлер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 желтоқсанда Қарағанды облысы Абай аудандық бөлімінің Топар полиция бөлімшесінің қызметкерлері рейдтік іс-шара өткізді. Полицейлер сағат 15:30 шамасында елді мекендердің бірінің аумағында 41 жастағы жүргізуші басқарған көлікті тоқтатқан. Көлікте 16 мен 44 жас аралығындағы төрт жолаушы болған.
Полицейлер көлікті тексеру кезінде кесілген екі елікті тапты. Ұсталғандар – барлығы Шахтинск қаласының тұрғындары. Күдіктілерден үш бірлік тегіс ұңғылы қару алынды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.