Қарағанды облысында есірткі сатумен айналысқандар ұсталды
Қарағанды облысында есірткі сатумен айналысқандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының аумағында есірткінің әртүрлі түрлерінің таралу қаупіне қарсы тұру мақсатында есірткі қылмысымен күресу бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп, күнделікті, тынымсыз жұмыстар жүргізілуде, бұл өз кезегінде оң нәтиже беруде.
Мәселен, 18 ақпанда облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының барысында Қарағанды қаласындағы гараждардың бірінде 21 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол гараждардың бірінде синтетикалық текті есірткі затты жасамақ болған. Сондай-ақ тінту барысында ұсталған азаматтан жалпы салмағы шамамен 6 грамды құрайтын тағы сегіз бума психоактивті зат табылып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған азамат 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Осы күні Қарағандының басқа ауданында аса ірі мөлшерде есірткі заты “гашиш” сақтаған 52 жастағы ер адам ұсталды. Тұрғылықты жерін тінту кезінде аталған азаматтан бір жарым келіге жуық өсімдік тектес “гашиш” есірткі заты табылып, тәркіленді. Ұсталғанның түсіндіруінше, ол тәркіленген есірткіні өз пайдалануы үшін сақтаған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық бұзушылықтың бұл түрі үшін ұсталған адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кету керек, жоғарыда аталған жұмыстар облыс өңірлерінде жүргізілуде.
Мысалы, 18 ақпанда Балқаш қаласының ПБ есірткіге қарсы күрес бөлімі қызметкерлері қала көшелерінің бірінде республикамыздың оңтүстік өңірлерінің бірінің 30 жастағы тұрғынын ұстады.
Тінту барысында ұсталған азаматтан 13 бума синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаланың әртүрлі аудандарында жалпы салмағы шамамен 100 грамды құрайтын улы заттар салынған тағы 91 пакет табылып, тәркіленді. Ұсталған кәсіпкер күшті әсер ететін психоактивті заттарды жеке бас пайдасы үшін сатқысы келетінін және еліміздің басқа өңірінен арнайы келгенін түсіндірді.
Бұл іс бойынша күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 4-бөлігі бойынша санкциясы 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы есірткі заттарын салу әрекеті сату ретінде квалификацияланып, 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын тағы да хабарлайды.
Сондай-ақ, полицейлер есiрткi құралдарын жазу, сызба немесе кез келген басқа жолмен заңсыз жарнамалағаны және насихаттағаны үшiн осы бап бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенiн еске салады. Осы заңсыз әрекеттерді жасағаны үшін 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.