Қарағанды облысында ғашығының телефонын қызғаныштан сындырған жігіт ұсталды
Қарағанды облысында ғашығының телефонын қызғаныштан сындырған жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 қаңтар күні Қарағанды облысы Саран қалалық полиция бөліміне 22 жастағы тұрғын шағымданып хабарласқан. Шағымданушы қыздың айтуынша, жігіті телефонын әдейі сындырған. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде, жәбірленушінің бір мезетте қос жігітпен қарым-қатынас жасағаны белгілі болды.
Арада күн өткенде қос жігіттің бірі сүйгеніне қымбат, бағалы ұялы телефон сыйға тартқан. Оны екінші жігіт біліп, қызғаныштан телефонды сындырған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 850 мың теңгені құраған.
Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 24 жастағы қызғаншақ күдіктіні ұстады. Ол мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 202-бабына (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) сәйкес іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.