Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында ірі мал ұрлығының жолы кесілді

Қарағандылық полицейлер бір үйір  жылқыны айдап әкетіп бара жатқан мал ұрысын  қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

7 қазан күні Қарқаралы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар өткізу кезінде жазық далада жүйткіп бара жатқан бірнеше бас жылқыны байқаған.

Айдалада зымырап бара жатқан жылқылар  полиция қызметкерлерінің күдігін тудырып, ізіне түсу барысында жылқыларды айдап бара жатқан азамат ұсталды.

Алғашында жылқышы өзінің жылқыларын айдап бара жатқанын айтқан.

Алайда, жергілікті жылқышылардың барлығын танитын полицейлер оның сөзіне сенбеген.

Анықтау жұмыстарын жүргізу барысында ұсталған азамат 58 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тумасы екені белгілі болды.

Күдікті қыстақтардың маңында қараусыз жайылып жүрген 30 бас жылқыны алдына салып,  айдап әкетпекші болған. 47 жастағы мал иесі өзіне тиесілі жылқыларды біреудің айдап әкетіп бара жатқанын білмеген.

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-1 бабына (Мал ұрлау)  сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру