Қарағанды облысында мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады
Екі ай бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылған Саран қаласының тұрғыны көлік рөліне мас күйінде отырып, жол-көлік оқиғасын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қараша күні Қарағанды облысы Саран қалалық полиция бөліміне қаладағы көшелердің бірінде жол-көлік оқиғасы болғандығы туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері «Ниссан» автокөлігінің жүргізушісінің жолдың қарсы бетіне шығып, «Фольксваген пассат» автокөлігімен соқтығысқанын анықтады.
Медициналық сараптама жол-көлік оқиғасына кінәлі азаматтың алкогольді ішімдік ішкенін растады.
Сонымен қатар тексеру барысында 34 жастағы азаматтың осыдан екі ай бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабына (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.