Қарағанды облысында полицейлер 100 психотроптық препаратты тәркіледі
Қарағанды облысында полицейлер 100 психотроптық препаратты тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Есірткі және психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңды айналымы саласындағы жедел жағдайды тұрақтандыру мақсатында Қарағанды облысының аумағында «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы өтті.
Іс-шара барысында ҚР ҚК 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша 5 есірткі қылмысы фактісі, 296-бап «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша екі факті анықталды.
Мәселен, Қарағанды облысының ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікпен 38 жастағы ер адамды ұстады. Одан ұнтақ тәрізді, ақ түсті, ерекше иіспен заты бар түйіншек тәркіленді. Сарапшының қорытындысына сәйкес зерттеуге ұсынылған ақ түсті кесек зат – жалпы салмағы 121,24 гр мефедрон. Аталған дерек ҚР ҚК 296-бабы бойынша СДТБТ-де тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. ҚР ӘҚБтК-нің 427-бабы «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу» бойынша – 5 құқық бұзушылық, ҚР ӘҚБтК-нің 464-бабы «Лицензиялау нормаларын бұзу» бойынша – 1 құқық бұзушылық анықталды.
Осылайша, Балқаш қаласының ПБ ЕҚҚІҚБ қызметкерлері өнеркәсіптік нысандардың бірін тексеруді жүзеге асырды. Олар мұнда прекурсорлармен жұмыс істеу лицензияларсыз жүргізілгенін анықтады. 8 келіге жуық прекурсор тәркіленді. ҚР ӘҚБтК-нің 464-бабы бойынша материал құрастырылды.
Сондай-ақ, облыстың ПД қызметкерлері күшті әсер ететін заттарды рецептсіз жіберілген 8 фактіні анықтап, трамадол және тропикамида атты 100-ден астам дәрілік психотроптық препараттарды тәркіледі.
9 қыркүйекте Теміртау қаласының ПБ қызметкерлері заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысқан 28 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ер адамнан 10 трамадол және 10 ампула тропикамида тәркіленді.
Анықталған әкімшілік фактілер бойынша материалдар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін жолданды.