Қарағанды облысында полицейлер ер адамды суицидтен құтқарды
Қарағанды облысында полицейлер ер адамды суицидтен құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйекте сағат 14.00 шамасында Қарағанды облысы Бұқар-Жырау ауданы Мұстафин атындағы кенттің полиция бөліміне шұғыл хабарлама түсті. Жүк көлігінің мас жүргізушісі бағанадағы салбырап тұрған телеофон сымына асылмақ болған. Оқиға орнына тергеуші Тұрар Жолдасбек, жедел уәкіл Данияр Шәріпов, жүргізуші Жасұлан Қадырханнан тұратын тергеу-жедел тобы жетті.
Куәгерлердің айтуынша, көлік көшенің соңына дейін жетіп, содан кейін көзге көрінбей кеткен. Елді мекеннің шетіне шығып, олар далада екі шақырым қашықтықта кузовы көтерілген самосвалды көрді.
– Біз көлікке жақындаған кезде бір адамды көрдік. Ол көліктің кузовына байланған арқан ілмегіне асылып тұрды. Оны бірден шығарып, жерге жатқыздық. Ер адам есінен танып қалды, бірақ алғашқы көмектен соң тыныс ала бастады. Бірнеше минуттан кейін дәрігерлер келіп, ер адамды ауруханаға жеткізді, – дейді тергеуші Т. Жолдасбек.
Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта науқастың өміріне қауіп жоқ.
Анықталғандай, самосвал жүргізушісі Теміртау қаласының 39 жастағы тұрғыны бір күн бұрын әйелімен жанжалдасқан. Жағдай ушығып, ажырасу мәселесі туындаған. Жүк көлігінің рөліне отырған ер адам Ғ.Мұстафин атындағы ауылдағы туыстарына келді. Бірақ бұл жерде алкогольді ішіп алып, өз-өзіне қол жұмсауға бел буған. Полицейлер дер кезінде араласып, суицидтің алдын алды. Егер олар бір-екі минутқа кешіксе, адамды құтқару мүмкін болмас еді.