Қарағанды облысында қысқы жол қауіпсіздігіне дайындық басталды: 31 ұйғарым берілді
Былтыр қысқы ауа райына байланысты 13 мыңнан астам көлікке ілесіп алып жүру ұйымдастырылып, жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетілген. Осыған орай қыс түспей жатып өңірде полицейлер республикалық маңызы бар автожолдардың қысқы маусымға дайындығын тексеруге кірісті. Басты мақсат – қарлы боран мен көктайғақ кезінде жүргізушілердің жолда қалып қоюына жол бермеу және қауіпті учаскелерде төтенше жағдайлардың алдын алу, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясымен бірлесіп, жолдардың жай-күйін тексеруде. Әсіресе қар басу қаупі бар аумақтарға, көліктердің өрге көтерілуі қиындайтын қыратты учаскелерге ерекше назар аударылып отыр.
Қараша айының басынан бері полицейлер 57 тексеріс жүргізген. Нәтижесінде жауапты мекемелерге 31 ұйғарым беріліп, жолдарды күтіп ұстауға міндетті ұйымдарға қатысты 8 әкімшілік іс қозғалған.
Тексеру барысында жол бойындағы қар тоқтататын құрылғылардың орнатылуы, көліктердің қиындықсыз қозғалуына қажетті құм қорының дайындалуы және жолдарды қысқы кезеңде күтіп ұстау талаптарының орындалуы назарға алынған.
– Қысқы кезеңде жолдағы кез келген олқылық үлкен қиындыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан қауіпті учаскелерді қазірден анықтап, тиісті шараларды қолға алып жатырмыз. Қай аумақта қар басу қаупі бар, қай жерде көліктердің өрге көтерілуі қиындауы мүмкін – осының барлығын зерделеп, жауапты мекемелерге кемшіліктерді жою жөнінде нұсқамалар берудеміз, – деді Қарағанды облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимов.
Қысқы маусымда жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсету де полиция жұмысының маңызды бағытына айналады. Өткен жылы ауа райының күрт нашарлауына және жолдардың жабылуына байланысты патрульдік полиция қызметкерлері республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда 37 рет ілесіп алып жүру жұмыстарын ұйымдастырған. Соның нәтижесінде 13 мыңнан астам автокөлік жүргізушісі мен жолаушының қауіпсіз қозғалысы қамтамасыз етілді.

Патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, боран мен жолдың жабылуы кезінде полиция қызметкерлері жүргізушілерге көмек көрсетуге, көліктерді қауіпсіз бағытта алып жүруге және жолдағы жағдайды бақылауға жұмылдырылады.
– Қыс – патрульдік полиция үшін ең жауапты кезеңдердің бірі. Басты міндетіміз – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге дер кезінде көмек көрсету. Былтыр 13 мыңнан астам көлікке ілесіп алып жүру ұйымдастырылды. Биыл мұндай жағдайлардың алдын алу үшін проблемалық учаскелерді алдын ала анықтап, қажетті жерлерге қар тоқтататын құрылғылар орнату және құм дайындау мәселелерін пысықтап жатырмыз. Дайындық барысын қыс бойы бақылауда ұстаймыз, – деді Медет Нұрмұханов.
Полиция жүргізушілерге қысқы маусымға көліктерін алдын ала дайындауды, жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен жолдардың жай-күйін ескеруді ұсынады. Ал боран, көктайғақ және көріну деңгейі төмендеген жағдайда алыс жолға шығуды кейінге қалдырған жөн.
