Қарағанды облысында шаруа қожалығының жұмысшылары көлік ұрлап кетті
Қарағанды облысында шаруа қожалығының жұмысшылары көлік ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 шілдеде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданының полиция бөліміне шаруа қожалықтардың бірінің 64 жастағы иесі жүгінді. Белгісіз біреу қыстақтан УАЗ автокөлігін айдап кеткені анықталды. Сонымен қатар, көлікпен бірге, сол шаруа қожалығында жұмыс істеп жүрген екі жұмысшы 32 және 40 жастағы ер адам да жоғалып кеткен. Осы аталған тұлғалар көліктің жоғалып кетуіне қатыстары бар деген күдік туды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалды полиция қызметкерлері Қарқаралы ауданында “ізін суытпай” күдіктілерді ұстады, олар қыстақтан 17 км алыстап үлгерген. Ұсталғандар өз кінәларын толық мойындады. Олар шаруа қожалығының көлігін тек бір айналып келу мақсатымен ғана алғандарын түсіндірді.
Осыған ұқсас жағдайды Приозерск қаласының 25 жастағы тұрғыны да іске асырған. Ол таңертең ерте көршілес көп пәтерлі үйдің ауласында ВАЗ-21140 маркалы жеңіл автокөлігін көрген. Аталған көліктің салонына отырып, оталдырып, артынан қашып кеткен. 31 жастағы жәбірленуші көлігінің жоғалғанын жарты сағаттан соң ғана байқаған. Шығын сомасы 300 мыңды құрады.
Ұрланған автокөлікті басқарып келе жатқан қаскөй қала көшелерінің бірінде орнатылған бейне бақылау камераларының біріне түсіп қалған. Полиция күдіктіні ұстаған кезде оның жазбасы маңызды айғақ болды.
Барлық факті бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 200 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.