Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында үздік учаскелік полиция инспекторлары таңдалды

Қарағанды облысының әкімдігінде үздік учаскелік полиция инспекторлары марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа-Майқұдық ПБ полиция инспекторы Тілек Тубеков және Осакаров ауданының ПБ учаскелік полиция инспекторы Азамат Төрежанов марапатталды. Қарағанды облысы республикада алғаш рет «Үздік учаскелік полиция инспекторы» байқауының жеңімпаздарына 2 миллион теңге көлемінде жыл сайынғы сыйлықты бекітті.

– Учаскелік полиция инспекторларының слетінде мен үздік учаскелік полиция инспекторлары үшін арнайы сыйлыққа бастамашы болдым. Міне, бүгін біз байқау қорытындысында кездестік. Учаскелік полиция инспекторларын көтермелеу практикасы одан әрі жалғасуы тиіс. Бұл мүмкіндігінше олардың жақсы жұмыс істеуге ынталандыру болсын, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

«Үздік учаскелік полиция инспекторы» байқауы үш кезеңнен тұрды. Біріншісі аумақтық бөлімшелерде өтті, аудандық және қалалық полиция бөлімдері өз байқауын өткізіп, үздік учаскелік бөлімдерді таңдады. Осыдан кейін ПД базасында екінші тур өтті. Үміткерлер дене шынықтыру және атыс дайындығын, заңнамадан тесс тапсырды. Сондай-ақ қызмет көрсететін әкімшілік учаске тұрғындарынан шағымдар мен өтініштердің бар-жоғы және криминогендік жағдай қаралды.

– Сонымен қатар біз онлайн дауыс беруді аштық. Халықтың пікірі – біз сүйенген негізгілердің бірі болды. Онлайн дауыс беру кезеңіне дейін барлығы 19 полиция қызметкері жетті. Олардың ішінен екі үздік таңдалды, – деп атап өтті Қарағанды облысының ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Исмағұлов.

Қалалық жердегі полицияның «Үздік учаскелік полиция инспекторы» номинациясының жеңімпазы Жаңа-Майқұдық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Тілек Тубеков болды.

– Маған дауыс берген әкімшілік аумақтың тұрғындарына алғыс айтқым келеді. Полицияда 2016 жылдан бастап, ал 2018 жылдан бастап Шахтер шағын ауданындағы учаскеде қызмет атқарамын. Маған сеніп тапсырылған аумақта барлығы 526 жеке және 4 көпқабатты үй бар. 5 мыңнан астам адам тұрады. Біздің міндетіміз – адамдарға көмек көрсету, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторының маңызды міндеттерінің бірі – халықпен тығыз байланыста болу, – дейді Тілеу Тубеков.

Ауылдық жердің «Үздік учаскелік полиция инспекторы» номинациясына Осакаров ауданының полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Азамат Төрежанов ие болды. Ішкі істер органдарында 2008 жылдан бастап қызмет атқарып келеді.

– Мен сыйақы аламын деп күткен жоқпын. Бұл мен үшін үлкен ынталандыру дер едім. Осакаров ауданының Николаев ауылдық округінің тұрғындарына жеңіске жетуіме қолдау көрсетіп, мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін, – деді Азамат Төрежанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру