Қарағанды облысында заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам әртүрлі есірткі заты тәркіленді
Қарағанды облысында жыл басынан заңсыз айналымнан бір тоннадан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті қызметкерлерімен есірткі қылмысының алдын алу, есірткі заттарын сақтау және тасымалдаумен айналысатындардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойуға байланысты үнемі жедел-іздестіру іс-шаралары өткізіліп тұрады.
Мәселен, биылғы жылдың жартыжылдығында аталған бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде заңсыз айналымнан бір тоннадан астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленсе, оның ішінде 13 келіден астамы синтетикалық есірткі, 947 келі марихуана және 103 келі гашиш есірткі заттары.
Заңсыз есірткі заттарын тасымалдаумен айналысқан күдіктілерге қатысты 246 қылмыстық іс қозғалды. Есірткі заттарын сату фактілеріне қатысты 56 қылмыстық іс қозғалды.
Мысалы, 1 маусымнан бастап 30 қазан аралығына дейін республика көлемінде «Қарасора-2021» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Аталған жедел алдын алу іс-шарасының негізгі мақсаты мемлекеттік органдармен құқық қорғау органы қызметкерлерінің есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жасау және бұл қылмыстың жолын кесу болып табылады.
Жедел алдын алу іс-шарасы аясында заңсыз есірткі алқаптарын егумен айналысатындарды анықтау және оларды жауапқа тарту мәселесі басты назарға алынады.
Осы іс-шараны өткізу барысында 2 маусым күні Қарағанды қаласындағы мекемелердің бірінің шатырында қарасора өсірген екі ер адам анықталып, ұсталды. Олардан 147 түп қарасора тәркіленді. Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
30 маусым күні Абай ауданында жүргізілген іс-шаралар барысында қарасора алқабы анықталып, тоғыз мың түп қарасора тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар жалпы салмағы 755 келі марихуана есірткісі екені белгілі болды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 300-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.