Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында жігіт даладан тауып алған винтовканы полицияға тапсырды

Қарағанды облысында жігіт даладан тауып алған винтовканы полицияға тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

25 сәуірден бастап Қарағанды облысында халықтан заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын сатып алу бойынша жыл сайынғы акция өткізілуде. Ол ҚР ІІМ-нің 2015 жылғы 27 наурыздағы бұйрығымен бекітілген заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтеулі тапсыру қағидаларына қатаң сәйкес жүргізіледі.

Мәселен, 26 сәуірде Қаражал қаласының полиция бөліміне 22 жастағы жас жігіт жүгінген. Ол шығарылған жылы мен нөмірі жоқ Мосин винтовкасын өз еркімен тапсырды. Жігіт бұл қаруды даладан тауып алғанын түсіндірді. Тиісті сараптама тағайындалды.

– Заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын тапсыруға ниет білдірген азаматтар облыстың кез келген аумақтық полиция органына өтініш бере алады. Егер олар бұл туралы телефон арқылы хабарласа, онда барлық қажетті шараларды жүргізу үшін полиция қызметкері осы заттардың тұрған жеріне барады. Қаруды өз еркімен тапсырғандарға қарудың техникалық жай-күйіне байланысты әрбір қару бірлігі үшін қару иелеріне 10-нан 100 АЕК-ке дейінгі сомада комиссияның шешімімен төлем төлеу көзделген. Бұл ретте криминалист-маманның анықтау негізінде атыс қаруы болып есептелмейтін заттар, оқ-дәрілер немесе жарылғыш заттар, қолдан жасалған оқ-дәрілер, тегіс ұңғылы, газды және травматикалық қару патрондары сыйақы беруге жатпайды, – деп атап өтті облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Кәкімов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру