Қарағанды облысындағы түзеу мекемесінде сотталғандар мұздан мүсіндер жасады
Қарағанды облысындағы түзеу мекемесінде сотталғандар мұздан мүсіндер жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мүсін өнері – ежелгі заманнан адам құндылықтарын паш ететін, ерекше бейне беретін өнер түрлерінің бірі. Қарағанды облысы түзету мекемелерінің бірінде сотталғандар жарты жыл уақыт бойы мекеме әкімшілігінің алдына тарихқа толы Алтын адамды, сот отырысы зал алдында Фемида мүсінін, шахмат бейнелері, қар барыстары, қыран құс және басқа да мүсіндерді өз қолдарымен жасады.
– Мен осыған дейін ағаш кесумен айналыстым, сол кәсіп өзіме ұнап өзімнің шеберлігімді арттырғым келді, – деп өз ойымен бөлісті сотталған.
Балалар үйінде өскен М. есімді сотталған өзінің өткен өмірін көп еске алғысы келмесе де балалық шағында қардан әр түрлі мүсіндер жасағанын және мүсіндер жасау бала күнгі арманы болғанын жасырмады. Болашақта олар адамның ең басты құндылығы саналатын еркіндік пен бақыттың белгісі болған Бостандық мүсінін салуды жоспарлауда.
– Кез-келген адам сүрінуі мүмкін, бірақ әркім өзін өзгертуге күш таба бермейді. Сондықтан біз сотталғандардың күш жігерін ынталандыруға тырысамыз, бұл олардың өмірде өзін табуға және түзелу жолына түсуіне мүмкіндік береді, – деп түйіндеді мекеме бастығы Еркін Рсалдин.