Қарағанды облысының бас полицейі Шет ауданына іссапармен барды
Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов іссапармен Шет ауданына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстың бас полицейі Санжар Әділов жұмыс сапарымен Шет ауданына барды. Аудан орталығында ол өңірдің тәртіп сақшыларымен кездесіп, ішкі істер министрінің тәртіп сақшыларының алдына қойған басты міндеттерін жеткізді.
– Министр қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының бағыттарының бірі ретінде өзгерістерге басты назар аударып отыр. Сондықтанда біз сотқа дейінгі процесті оңтайландыру, кадр саясатын қайта қарау, ішкі конкурстық іріктеуді енгізу негізінде қызметкерлерді ілгерілету тәртібі, қызметкерлердің жұмыс жағдайларын жақсарту, материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша тиімді жұмыстар атқаруымыз керек, – деді Санжар Әділов.
С.Әділов залға жиналған әріптестеріне қағаз бастылықтан айырылу, халықпен тығыз жұмыс жасау, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау жолында жаңа тәсілдерді пайдалану мәселелеріне баса назар аударды. Жиын соңында қызметіне адал беріліп, қоғам тәртібі жолында аянбай тер төгіп жүрген бірқатар тәртіп сақшыларын марапаттады. Тәртіп сақшыларымен болған келелі кездесу соңында департамент бастығы Санжар Әділов Ақсу-Аюлы кентінің орталығында орналасқан учаскелік полиция пунктіне барды. Халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын учаскелік полиция инспекторларының қызмет орнымен танысқан өңірдің бас полицейі полиция пунктіндегі бейнебақылау камераларын жіті қадағалау мақсатында учаскелік полиция инспекторларының қызметтік планшетіне шығаруда тапсырды.