Қарағанды облысының бас полицейі жұмыс сапарымен Осакаров ауданында болды
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллиннің сенбілік жұмыс күні Осакаров ауданында басталды. Алдымен облыстың бас сақшысы аудандық полиция бөлімінің ғимаратында азаматтарды жеке сұрақтармен қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция генерал-майорына алғашқылардың бірі болып 2022 жылдың ақпан айына дейін аталған бөлімде тергеуші лауазымында қызмет атқарып, кейін өз еркімен жұмыстан кеткен Рустам Григорьев кірді. Ол департамент бастығынан жұмысқа қайта орналасу мәселесін сұрады.
– Сіздің Ішкі істер органдарына қайта жұмысқа қабылдануға ниет білдіргеніңізді білемін. Қазіргі уақытта департаменттің кадр саясаты басқармасымен қажетті барлық құжаттар жинақталуда. Мен Сіздің жұмысқа қайта қабылдануыңыз бойынша министрлікке ұсыныс беріп, сұрағыңызды оң шешуге қолғабыс жасаймын, – деді Ерлан Файзуллин.
Осакаров ауданының белсенді азаматы Арнабек Акимбеков департамент бастығынан бөлім қызметкерлерінің қызметтік автокөліктеріне бейнетіркегіш құралдарын орнату, аудан орталығында жол жүру ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында бейнебақылау камераларын көбейту, сондай-ақ ауданға сырттан келіп қызмет ететін қызметкерлерге қызметтік пәтер беру сұрақтарын көтерді.
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысына көмек қолын созуға ұмтылған Арнабек Акимбековке департамент бастығы алғысын білдіріп, жақын арада аудандық полиция бөліміне жол жүру ережесін бұзу фактілерін автоматты түрде тіркеу құрылғысы бар арнайы автокөлік бөлінетінін, пәтер мәселесін аудан және облыс әкімдерінің алдында көтеретінін айтты.
Облыстың бас сақшысы Ерлан Файзуллиннің азаматтарды қабылдауы барысында қылмыстық істердің тергелуі, аудандағы қаңғыбас иттерді аулау бойынша да меселелер көтерілді. Дер кезінде ашылған қылмыстық істер бойынша жәбірленуші тараптың алғыстары да айтылмай қалмады.
Мәселен, ауданға қарасты Маржанкөл ауылының тұрғыны Гүлшара Дүйсембина осыдан бірнеше ай бұрын асырап отырған ірі қарасын мал сатып алушыларға ақшаға өткізген. Алайда сатып алушылар ақшаны бірер күннен кейін береміз деп Гүлшара Дүйсембинамен қоса бірнеше адамды алдап кеткен. Полиция қызмектерлері алаяқты ұстап, жауапкершілікке тартқан. Ал жәбірленуші тарап кеткен шығындарын өндіріп алған. Дер кезінде жасалған жұмыстың жемісін көрген азаматша департамент бастығына әріптестерінің сауатты қызметтері үшін алғысын айтты.
Азаматтарды жеке сұрақтармен қабылдаудан кейін департамент бастығы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесті. Ерлан Файзуллин әріптестеріне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен тәртіп сақшыларының алдына қойылған басты міндеттерді жеткізіп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмыстың жолын кесу бағытындағы талаптарды жүктеді. Алдағы уақытта бұндай кездесу облыстың басқа да аудан-қалаларында өткізілетін болады.