Қарағанды облысының ПД бастығы Балқаштағы отбасын қолдау орталығына барды
Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Балқаш қаласындағы отбасын қолдау орталығына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының бас полицейі Санжар Әділов Балқаш қаласында орналасқан Шаңырақ отбасын қолдау орталығына барды. Аталған шараға Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Бекболат Шакиров та қатысты.
– Әр бала – біздің болашағымыз. Өскелең ұрпақты Отан сүйгіштікке тәрбиелеу, олардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру – біздің басты міндетіміз. Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың және облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың сәлемін жеткізгім келіп отыр. Сонымен қатар Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығымен бірлесіп, түзеу мекемесіне түсіп, қателіктерін түсініп, түзу жолға түскен азаматтардың бастамасымен дайындалған ойыншықтарды сыйға тартқымыз келіп тұр, – деді Санжар Әділов.
Осыдан кейін Әділов қалалық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесті. Кездесу барысында Санжар Әділов тәртіп сақшыларына ішкі істер министрінің талаптарын жеткізіп, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бойынша қолға алынп жатқан тұжырымдаманы жеткізді.
– Біздің министрлік қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын әзірлеуде үлкен жұмыс атқарып келеді. Негізгі талап – қылмыстық жағдайды тұрақтандыруға ықпал ететін жұмысты дұрыс ұйымдастыру. Өзгерістер облыстық аппаратта, сондай-ақ қалалық және аудандық бөлімшелерде болады. Біздің қоғамның сұрауы – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері. Егер отбасында тәртіп болса, онда жақсы тәрбие болса, оны бойына сіңіріп өскен балалар да құқық бұзушылыққа жол бермей тәрбиелі болып өседі, – деп атап өтті Санжар Әділов.
Кездесуден кейін ПД бастығы учаскелік полиция пунктінің және желілік полиция бөлімшесінің материалдық-техникалық жағдайларын тексеріп, оны жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.