Қарағанды облысының полицейлері 10 млн теңгеден астам айыппұл өндірді
Қарағанды облысының полицейлері «Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күні 10 миллион теңгеден астам айыппұл өндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының аумағында «Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Оның мақсаты – әкімшілік хаттамалар бойынша салынған айыппұлдарды өндіру.
Аталған іс-шара барысында полиция қызметкерлері сот орындаушылармен бірлесіп, заңды уақыты өткеннен кейін айыппұлдарды төлемей жүргендерге қатысты бірқатар іс-шара өткізді. Олар борышкерлердің жұмыс орындарына және тұрғылықты жерлеріне барып, қасақана айыппұлды төлемей жүргендерді мәжбүрлі төлету бойынша жұмыстар атқарды.
Сондай-ақ, Полиция департаменті айыппұлдардың бар жоғын онлайн режимінде Egov.kz үкіметтік порталынан сонымен қатар Qamgor.gov.kz, Kaspi.kz., Kolesa.kz. мобильдік қосымшаларынан тексеруге болатынын еске салады.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 810-бабына сәйкес 7 күннің ішінде салынған айыппұлдың 50 пайызын төлеуге болатынын ескертеді.
Мәселен, «Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күні жалпы құны 10 миллион теңгеден астам 690 айыппұл өндірілді. Құқық бұзушылардың жұмыс орынына жалпы құны 1 948 110 қаулы жіберілсе, жеке сот орындаушыларға жалпы құны 6 513 415 қаулы жолданды.