Қарағанды облысының полицейлері 23 қару тәркіледі
Қарағанды облысының полицейлері заңсыз айналымнан 23 қару тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысында «Қару» жедел-алдын алу шарасы өтуде. Оның міндеттері – атыс қаруын заңсыз айналымнан шығару, ұрланған және жоғалған қаруды іздеу, азаматтық қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша тиісті заң талаптарына сәйкестігін тексеру.
Тексерулер барысында азаматтық және қызметтік қару айналымы саласында 133 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Заңсыз айналымнан 23 қару тәркіленді. Оның ішінде мылтық – 3 бірлік, электрлік – 2, травматикалық – 4, тегіс ұңғылы – 13 бірлік және газды – 1 бірлік. Бұрын жоғалған қарудың 6 бірлігінің орны анықталды.
Мысалы, Приозерск қаласының тұрғынынан 3 тіркелмеген тегіс ұңғылы қару тәркіленді, оның біреуі Жамбыл облысы ПД Мойынқұм аудандық полиция бөлімінде есепте тұр.
Сонымен қатар, азаматтар заңсыз сақталған екі бірлік қаруды, оның ішінде бір травматикалық және бір тегіс ұңғылы қаруды өз еркімен тапсырды.
Полиция қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау қылмыстық (ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру) және әкімшілік (ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 482-бабы – бас бостандығынан айыру) көзделгенін ескертеді.