Қарағанды облысының тұрғындарына «Киберпол» қызметкерлері алаяқтарға беріп қойған ақшасын қайтарды
Қарағанды облысының тұрғындарына «Киберпол» қызметкерлері алаяқтарға беріп қойған ақшасын қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтық қылмысы бойынша қала тұрғындарына бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, алаяқтардың құрығына түсіп қалу бойынша деректер әлі де тіркеліп жатыр. Қарағандылық тәртіп сақшылары бұл қылмыстың алдын алу мақсатында көшедегі жаяу жүргіншілер өткеліне алаяқтықтың алдын алу бойынша жазулар қалдырып, танымал әншілер мен спортшылар ескертпе жасап, «Қазақтелеком» өкілдерімен бірлесіп, үй телефоны бар абоненттерге профилактикалық ескертпелер хабарланып жатса да, сенгіш халықтың алаяқтардың құрығына түсуі жалғасып, қомақты қаражаттар аударып жатқаны тағы бар.
Мәселен, алаяқтар 65 жастағы зейнеткерді жинақтаған ақшасын сақтандырамыз деп алдап, оның атына 7,4 млн теңге ақша рәсімдеп, шешіп алған. Бұл дерек бойынша «Киберпол» қызметкерлері жүргізген кешенді жедел әрекеттер барысында 21 жастағы Ақтөбе облысының тұрғынын ұстады. Қолға түскен күдікті азамат қылмысын мойындады.
Сондай-ақ Балқаш қаласында полиция қызметкерлері 21 жастағы қала тұрғынына алаяқтарға жіберіп қойған ақшасын қайтарды. Жәбірленушіні 19 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны алдап, оның атына 600 мыңнан астам несие рәсімдеп, кейін жәбірленушінің есеп-шотынан шешіп алғаны анықталды.
Барлық деректер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.