Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды ПБ басшылығы мен «Динамо» ФСО өкілдері балалар үйіне барды

Балаларды қорғау күні қарсаңында Қарағанды қаласы Полиция басқармасының басшылығы және Қарағанды облысының «Динамо» ФСО филиалының өкілдері «Құлыншақ» балалар үйіне барып, балаларға сыйлықтар сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.


Балалар үйіне келген Қарағанды қаласы Полиция басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Дильмағамбетов және Қарағанды облысы «Динамо» дене шынықтыру және спорт басқармасы филиалының бірінші орынбасары С.Бакмағамбетов балаларға естелік сыйлықтар,атап айтсақ, тұрмыстық техникалар мен спорттық киімдер сыйлады.

– Балалық шақта адамның бойына ересек өмірге деген дұрыс бағдардың негізі болатын мақсаттар, өмірлік ұстанымдар қалыптасады. Оларға қамқорлық таныту арқылы біз олардың тәрбиесіне өз үлесімізді қосқымыз келеді. Әрбір бала өзінің Отанына керек екенін түсінуі керек, – деді Г. Ділмағамбетов.

– Балалар – біздің ізбасарларымыз. Олардың қазірден бастап алдына белгілі бір мақсат қоятыны жақсылықтың нышаны деп білемін. Біз оларға спорттық сабақтар, экскурсиялар, құқықтық тренингтер өткізуді және қажет болған жағдайда көмектесуді жоспарлап отырмыз, – деді Е.Бакмағамбетов.

«Құлыншақ» балалар үйінің директоры Светлана Бүркеева ханым полиция қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, балалар үйінің проблемаларына назар аударғаны үшін алғысын білдіріп, Қарағанды қаласы ПБ басшылығының әрқашанда түсіністік танытып, Балаларды қорғау күні мен қатар Жаңа жыл, Наурыз мейрамы секілді атаулы мерекелерде жиі келіп тұратынын атап өтті.

– Бүгінгі күні елімізде болып жатқан қиындықтарға қарамастан уақыт тауып, болашақ ұрпақтың тағдырына бей-жай қарамай біздерді қолдап келгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деп балалар үйінің директоры өз ойымен бөлісті.

Қарағанды облысының ішкі істер органдарының қызметкерлері өз қызметтерін адал атқара жүріп, болашақ ұрпақтың тәрбиесіне де көп көңіл бөлуді бір сәт естен шығарған емес.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру