Қарағанды полицейлері жүргізушілерге ауа райына байланысты ескерту жасады
Қарағанды полицейлері жүргізушілерге ауа райына байланысты ескерту жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін синоптиктердің болжамынша, бұрқасын, қалың қар, жел көтерілуі күтілуде. Бұл елді мекендерде және қала сыртындағы жолдарда да көлік қозғалысы кезінде көру мүмкіндігін шектеп, қозғалысты қиындатады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері автокөлік жүргізушілерін ұзақ сапарларға шығудан бас тартуға кеңес береді. Өйткені ауа райының күрт өзгеруіне байланысты жолдарда қар құрсауы мен апаттық жағдайлар туындауы мүмкін.
– Мысалы, кеше Екатеринбург-Алматы тас жолының Теміртау қаласы маңында 7 көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Қарағанды қаласына келе жатқан DAF жүк автокөлігінің жүргізушісі жолдың көрінбеуінен көліктің басқаруына ие бола алмай, алты жеңіл автокөлікті соққан. Жалпы, демалыс күндері облыс бойынша 44 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке орай, Шахтерлер даңғылы бойында реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінде 34 жастағы жүргізуші 70 жастағы азаматшаны қағып, жәбірленуші алған дене жараққаттарынан ауруханада көз жұмды. Көлік жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, – деп хабарлады Қарағанды облысының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Зәрубаев.
Полиция департаменті ауа райы болжамын қадағалап отыруға, мүмкіндігінше алыс сапарларды кейінге қалдыруға, ал жолға шыққан болсаңыз — міндетті түрде көлік құралының жарамдылығын тексеріп алуға кеңес береді.