Қарағанды тұрғындарын аяусыз тонап кеткендер ұсталды
Қарағанды тұрғындарын аяусыз тонап кеткендер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
4 маусымда Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөліміне хабарлама келіп түсті: Гоголь көшесіндегі үйдің жанында тонау болған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді.
Қылмыс дөрекі түрде болған. Жәбірленуші – 40 жастағы қала тұрғыны таңертең ерте жұмысына қарай жол тартқан. Сағат 7.00. шамасында әйелге 45-50 жастағы белгісіз адам шабуыл жасаған.
Физикалық күш қолдана отырып, ол жәбірленушіден ұялы телефон мен екі алтын алқасын тартып алған. Жалпы шығын сомасы 454 мың теңгені құрады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК (Тонау) 191-бабымен қылмыстық іс қозғалды.
16 маусымда жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 47 жастағы ер адамды ұстады. Ол кінәсін толық мойындады. Заттай дәлелдемелер алынды.
18 маусымда Қарағанды қаласының ПБ Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 39 жастағы қала тұрғыны жүгінді. Ер адам кешкі уақытта өзінің шағын ауданын аралаған кезде белгісіз біреулер зорлық-зомбылық қолданып, құны 70 мың теңге тұратын ұялы телефонды тартып алып, қашып кеткенін түсіндірді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктілерді – 36 жастағы ер адам мен 29 жастағы әйелді анықтап, ұстады. Олар кінәларын мойындады. Ұялы телефон алынып, жәбірленуші тарапқа қайтарылды.
ҚР ҚК (Тонау) 191-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.