Қарағанды тұрғыны көлік нөмірі үшін иелерінен төлем талап етті
Қарағанды тұрғыны автокөліктерден нөмірлерді ұрлап алып, оны қайтару үшін жәбірленушілерден төлем талап еткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 ақпанда Қарағанды қаласының ПБ Теміржол полиция бөліміне 40 жастағы қала тұрғынының арызы келіп түсті. Ер адам белгісіз біреу көп қабатты үйдің ауласында түнде қалдырған көлігінен мемлекеттік нөмірлерін ұрлап кеткенін айтты. Сонымен қатар, ұры көліктің алдыңғы әйнегінде жазба қалдырған, онда нөмірлерді қайтару үшін 30 мың теңге талап еткен.
ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
18 сәуірде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті – 25 жастағы жігітті анықтап, ұстады. Полиция оның екінші ұқсас қылмысқа қатысы бар екенін анықтады.
Алдын ала ойластырған жоспар бойынша әрекет ете отырып, басқа көліктердің нөмірлерін ұрлап, олардың төлемі туралы жазба қалдырған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.