Қарағанды тұрғыны сауда үйінен 2 тон ұрлаған
Қарағанды қаласының тұрғыны сауда үйлерінің бірінде манекенде ілулі тұрған тондарды ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 ақпан күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Жаңа-Майқұдық полиция бөліміне аумаққа қарасты сауда үйлерінің бірінде ұрлық болды деген хабарлама түсті. Ұрлық жасаған азамат манекенде ілулі тұрған екі тонды алып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 30 мың теңгені құрады.
Полиция қызметкерлері аталған қылмысты ашу мақсатында сауда үйінде орнатылған бейнебақылау камераларына тексеру жүргізді. Ондағы камералардың біріне ұрлық фактісі жазылып қалған. Сонымен қоса ұрлыққа куә болған азамат анықталған. Куәгердің айтуы бойынша ұрының бет-бейнесі жасалып, соның арқасында күдіктінің ізіне түсуге мүмкіндік туды.
19 ақпан күні криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 26 жастағы азамат ұсталып, ол қылмысын мойындады. Күдікті ұрлаған заттарын сатып үлгерген.
Аталған фактіге байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.