Қарағанды тұрғынын тонап кеткен жігіт ұсталды
Қарағандыда 400 мың теңгесі бар жігіттің әмиянын қолынан жұлып алған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Сағат 18:00 шамасында Қарағанды қаласының ПБ Жедел басқару орталығына Карл Маркс көшесінде тонау болды деген хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына потрулдік полиция жасағы келді.
Анықталғандай, қылмыс ауыр түрде жасалған. 25 жастағы жәбірленуші жігіт ауылдық аймақтың бірінде тұратынын, Қарағандыға сауда жасау мақсатында келгендігін айтты. Сауда үйлерінің бірінде ауыл тұрғыны тауарын төлеу үшін әмиянын алып шыққан. Осы кезде оған белгісіз біреу келіп, қолындағы 400 мың теңгесі бар әмиянды суырып алып, жоқ болған.
Полицейлер «ізін суытпай» 23 жастағы күдікті жігітті анықтап ұстады. Ол өз кінәсін толық мойындады. Заттай дәлелдемелер алынды.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабымен (Тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.