Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінің қызметкерлері ағаш отырғызды
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінің қызметкерлері ағаш отырғызды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағаш отырғызу – сауапты іс. Бүгінгі күнге дейін адамзат ауаны тазартуда ағаштан асқан қондырғы ойлап тапқан жоқ. Ағаш тек ауаны тазартып қана қоймайды, сонымен қатар оның мөлшерін реттеп, шудың азаюына да елеулі әсер етеді. Табиғаттағы тепе-теңдікті ұстап тұрған да, шіліңгір ыстық пен аязды басып, ылғалдылықты сақтай отырып, жауын-шашынның уақытылы түсуіне ықпал ететін де – ағаш. Ол топырақтың құнарын сақтап, дауылдың екпінін азайтып, жанға сая, ортаға көрік сыйлайды. Ағаш – бесіктен бастап, өмірден өткенше адамға қызмет ететін баға жетпес байлық. Сол себепті, ағаш отырғызу – болашақ ұрпаққа мұра қалдырғанмен тең.
Қазақ халқының “Бір тал кессең, он тал ек” деген дана сөзі табиғатты аялауға шақырады. Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ға қарасты №31 мекемесінің мұражайы маңында ағаш отырғызу рәсімі өтті.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы мен мекеме қызметкерлері аянбай еңбек еткен ардагерлерге деген құрмет пен алғыс белгісі ретінде және осы салаға жаңадан келген жас мамандарға өнеге болсын деген ниетпен 8 тал көшет отырғызды.
Шара барысында Ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Бекшин жас мамандарға батасын беріп, қызметтерінде толағай табыстарға жетулерін тіледі.