Қарағандыда адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасын жасаған көлік жүргізушісі ұсталды
Қарағандыда екі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазан айының 26 күні кешкілік Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Теміржол полиция бөліміне «Сұрыптау ауылы-Теміртау» тас жолында «ЖБИ» аялдамасының маңында екі адамды көлік қағып кетті деген хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері белгісіз көлік иесінің екі жаяу жүргіншіні қағып, қашып кеткенін анықтады.
Жол-көлік оқиғасының салдарынан 46 жастағы азамат сол жерде көз жұмса, 43 жастағы жәбірленуші түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жол-көлік апатына тән белгілері бар «Ауди» автокөлігі ұсталды.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-тармағы (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.