Қарағандыда алаяқ азамат алған тауары үшін ақша төлеуден жалтарған
Қарағандылық алаяқ бірнеше дүкеннің сатушысын алдаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың соңынан бастап Қарағанды қаласы ПБ Октябрь полиция бөліміне қала аумағында орналасқан бірнеше дүкен иелерінен алаяқтық фактілері бойынша арыздар келіп түсе бастады. Олардың барлығы алаяқтықтың ерекше әдісін қолданған белгісіз алаяқтың құрығына түскен. Күдікті көптеген сауда орындарында кең таралған тауардың құнын мобильді қосымша арқылы төлеу әдісін ұтымды пайдаланған.
Ол он қорап темекі сатып алып, сатушыға ұялы телефоны арқылы сатып алынған тауарлар үшін бұрынғы жасалған төлем түбіртегін көрсетіп отырған.
Полиция бөлімінде осындай алты факт тіркелді, олар бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды. Алаяқтың іс-әрекеттерінің салдарынан келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 50 мың теңгені құрайды. Жәбірленушілердің айтуынша, полицейлер 40-45 жас шамасындағы алаяқтың сыртқы белгілерін анықтады.
13 ақпанда жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға күдікті 45 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындап, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.