Қарағандыда ер адам құрылыс нысанынан ұрлық жасаған
Қарағандыда ер адам құрылыс нысанынан ұрлық жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Жаңа Майқұдық полиция бөліміне тұрғын үй кешенін салумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылығы арызбен шағымданды. Белгілі болғандай, кешкілік уақытта белгісіз біреу тоғыз қабатты салынып жатқан үйдің аумағына кіріп, әртүрлі құрылыс материалдары тұратын қойманың есігін сындырып, электр сымдарын ұрлап кеткен. Кәсіпкерге 280 мың теңге көлемінде шығын келген. Ұрлықтың салдары жұмыстың уақытылы жүруіне кедергі келтірген.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 31 жастағы күдікті ұсталды. Ол қылмыс жасамас бұрын, тұрғын үй кешенінің маңын зерттеп, қай жерден ұрлық жасайтынын алдын ала зерттеп алғанын айтты.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ұрлық бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлерімен күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.