Қарағандыда ірі мөлшердегі алаяқтық дерегі ашылды
Қарағанды облысында жұмысқа тұрғызамын деген желеумен жергілікті тұрғынның 4,5 миллион теңге ақшасын алған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сәтбаев қалаcының полиция бөліміне 49 жастағы азаматша хабарласып, өзіне қомақты шығын келтірген танысына шара қолдануын сұраған.
Алдын ала тергеу барысында полиция қызметкерлері жәбірленушінің жұмыс іздегенін және оған көмектесемін деген азаматпен танысқанын анықтаған.
Кейін жаңа танысы жәбірленушіден жұмысқа тұрғызам деген сылтаумен 4,5 миллион теңгесін алған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 40 жастағы азаматты ұстады, ол өз қылмысын мойындады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.