Қарағандыда карантиндік режимді бұзудың 80-нен астам фактісі анықталды
Қарағанды облысында карантин режимін бұзуды анықтау және басқа да құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесу бойынша рейд өтіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысының Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында Қарағанды облысының аумағында 5 шілдеден бастап карантин режимі жарияланған болатын.
Осыған байланысты Қарағанды қаласында ведомоствоаралық 11 мобилдік топ құрылды.
Қарағанды қаласының ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері Қарағанды қаласының санитарлық эпидемиологиялық орталығы және басқа да мүдделі органдарының қызметкерлерімен өзара іс-қимыл жасай отырып карантиндік шараларды бақылау және сақтау, азаматтар мен түрлі ұйымдардың карантинді бұзуын анықтау және басқа да құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесу бойынша рейдтік және алдын алу іс-шараларын өткізуде. Аталған іс-шаралар барысында қала аумағында орналасқан демалыс орындары, мейрамханалар, түнгі клубтар және сауда орындарында карантин талаптарын орындамау фактілері анықталды.
Қарағанды қаласының компьютерлік салондарының бірінде 200-ге жуық адамның бір жерде жиналу фактісі анықталды. Сонымен бірге қалада орналасқан мейрамханалардың бірінде 40-қа жуық адам жиналып, той өткізу, «Шығыс» сауда орнында санитарлық нормаларды сақтамай сауда жүргізу фактілері тіркелді.
Жалпы Қарағанды қаласының ПБ қызметкерлері ҚР ӘҚБтК 425-бабымен көзделген карантиндік режимді бұзудың 80-нен астам фактісін анықтады.
Қазіргі жаз мезгілінде түрлі жағажайларда суға түсу ережелерін сақтамаудың салдарынан адамдардың суға кету фактілеріне жол бермеу мақсатында Қарағанды қаласы Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесе отырып, қаладағы Федоров су қоймасының жағажайында тұрғындармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, суда сақтық шараларын сақтау бойынша жаднамалар таратылды.
Сондай-ақ Қарағанды қаласының ПБ қызметкерлері Қарағанды қаласы бойынша заңсыз дәрі-дәрмек сатудың 16 дерегін анықтады.
Карантин мерзімінде жинақталған іс-құжаттары тиісті шешім қабылдау Қарағанды облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберілді.
Қарағанды қаласының ПБ қызметкерлері қала тұрғындарынан карантин талаптарына түсіністікпен қарауды және оның талаптарын қатаң сақтауды, қоғамдық орындарда және көшелерде бетпердемен жүруді, антисептик құралдарын пайдалануды, қауіпсіздік ережелер мен ара қашықтықты сақтауға шақырады. Тәртіп сақшылары карантин талаптарының бұзудың кез-келген фактісі қатаң жауапкершілікке әкеліп соқтыратынын ескертеді.