Қарағандыда өзіне қол жұмсамақ болған қыздың әрекеті полицейлер жетонына түсіп қалды
Қарағандылық полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 қараша сағат 3.30 шамасында Қарағанды қаласының ПБ патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Талғат Райханов пен инспектор Нұрболат Сейтекке Нұркен Әбдіров даңғылы бойында орналасқан химиялық тазалау нысанына белгісіз біреу кірмек болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Бірер минуттан кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері жетті.
Химиялық тазалау нысаны көпқабатты үйдің қосымшасында орналасқан. Оқиға орнына жеткен полицейлерге күдікті адам көрінбеді. Полицияны химиялық тазалауда түнгі ауысымда болған екі жұмысшы әйел шақырғаны белгілі болды.
– Сыртқы есікті біреу қағып, жылаған адамның даусы шықты. Бірақ біз есікті ашпадық, полицияға хабарласып, сіздердің келулеріңізді күттік, – деп түсіндірді куәгерлер.
– Менің әріптесім сол жерде қалып, мен фонарьды жағып, іргелес аумақты аралай бастадым. Өрт сөндіруге арналған сатының астынан бір адамды байқадым. Алыстан оның еркек немесе әйел екені көрінбеді. Жақындап келсем, жіпке асылып тұрған қызды көрдім – кейін белгілі болғандай, бұл матадан жасалған белбеу екен. Мен бірден әріптесімді рация арқылы шақырып, қызды жіптен босатып алдық. Қыздың бойында тіршілік белгілері байқалмады. Осыдан кейін қызды жерге жатқызып, алғашқы медициналық көмек көрсете бастадық, – дейді Т.Райханов.
Полиция қызметкерлері жылдам шешім қабылдап, қыздың өмірін сақтап қалу үшін жанталаса қимылдады. Алғашқы көмек көрсеткен кезде қыз тыныстай бастаған кезде, жедел жәрдем шақырған.
Дәрігерлер полиция бірнеше секундқа кешігіп қалса, науқасты аман алып қалу мүмкін емес екендігін жеткізді.
Қазіргі уақытта қыздың жағдайы бірқалыпты. Полицейлер оның өз-өзіне қол жұмсауына итермелеген себептерді анықтап жатыр.