Қарағандыда құбыр ұрлаған үш азамат ұсталды
Қарағандылық полицейлер металл құбырларды ұрлаған үш күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 қазан күні Қарағанды қалаcының полицейлері 37 жастағы жергілікті тұрғынның үйінің алдына әкеп қойған металл құбырларының қолды болу фактісі бойынша хабарламасын қабылдаған.
Алдын-ала тергеу кезінде оның құбырларды кешкілік қақпа алдына түсіргені, таңертең құбырларды белгісіз біреулердің ұрлап әкеткені белгілі болды. Келтірілген шығын 100 мың теңгені құрады.
Полиция қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 22-24 жас аралығындағы үш азамат ұсталды. Олар құбырларды металл қабылдау орнына тапсыру үшін ұрлап кеткендерін мойындады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.